Өз Отаныңды, туған тіліңді, түп-тамырыңды білмейінше нағыз патриот бола алмайсың.

Н.Ә.Назарбаев

Басты бет
Оқушы үшін
Безымянный-1-1.jpg

Менің туған өлкем

Туған өлке. Шежіреге толы ауылым. Осынау тымырайған бел-белестер, оқшауланған  төбелер, үн-түнсіз сырын ішіне бүгіп, бүк түсіп алып өткен-кеткенді үнсіз шығарып салып жатады.  Не сыр бар екен?!  Шіркін...

Менің  бақытты, балалық  балғын шағым көктемгі бусанған  дала, асыр салып ойнақтаған қозы-лақ, қыр астындағы иір-иір, айқыш-ұйқыш жолдар, сылдырып аққан  сулар,  қазіргі жауып тұрған кіршіксіз аппақ қар,  мамық  ұлпалардың бетімді қызартуы  -  қандай керемет.  Күліп атқан таң да, лүп еткен самал мен арасында ұйытқып соғар жел де балалығыма куә.

    Сығанақ –  ел тарихындағы  құтты, қасиетті, киелі мекен, қасиетті  Сунақата  өлкесі – мен үшін қымбат. Әрбір ұрпақ үшін ата-бабаның туған өлке табиғатын қорғау дәстүрі әрі өнеге, әрі мұра.  Ата-бабамыз  «Бұлақ көрсең, көзін аш», - деп бұлақтың көзін ашып, айналасына жасыл желек,  «Бір тал кессең, он тал ек», - деп ағаш егуді мұрат еткен. Менің түсінігімде, Табиғат-ана құшағындағы айдын көл – аққуымен, кең дала – ақбөкенімен, ұлы биік таулар – ұларымен, орман-тоғай – аңымен, ашық аспан – алғыр қыранымен  әсем болса, туған жер – адамдарымен ажарлы. Біздің ауылдың тұрғындары қонақжай, кеңпейілді.  Туған жердің табиғатына, жылуына бөленіп, жақсы көңіл-күймен өмір сүрген қандай рахат. Ауылымыздың көркі жылдан –жылға жаңарып келеді. Ауылдық клубымыз бар.  Жақында әнші Әбдіжаппар Әлқожа, былтыр Асан Пердешов, Роза Әлқожа ауылымызға келіп, өнерін көрсетеді.

Міне, біздің ауылдың деңгейін осыдан- ақ аңғаруға болады.

  Менің туған өлкем...

Бұл кішкентай ғана  екі бөлмеден тұратын үйімнің табалдырығынан басталады деп ойлаймын. Сунақата ауылымдағы жұпар атқан жусаны, қырға шыққанда жүректей болып желмен лүпілдей соққан қызыл гүлдері, кеудеме құйылған мөлдір ауасы – осының бәрі – менің туған өлкемді құрайды.  Туған өлкемнің мән-мағынасы тереңде жатыр. Менің балалық шағым. Күннің қызғылт шапағына бөленген шағын үйлер, шарбақ пен жыңғылдан өрілген қоралар -  осының бәрі менің туған өлкем болып, көз алдымда керемет естелік болып қалмақ.

  Шілденің сарша тамыз ыстығында біздер, достарымызбен жиналып, жидек тереміз. Бұтақтары айқасқан қалың жидек  ағаштары арасынан күн көзі сығалап, біздің піскен жидені алғанымызға қарсы болмағандай мақұлдап, самал желмен тербетіп, жерден де теріп алыңдар дегендей жерге жаудырады. Сол жиденің дәмін көрсеңіз...

Қазір қыс мезгілі болған соң  сол жиденің, тәтті алманың дәмін сағынып  жүрмін.

Ал түнгі көріністі  айтып жеткізу мүмкін емес. Жазда біз далада сәкінің үстінде жатамыз. Анам кішкентай қарындасыма ертегі айтады. Жайлы даусы мені де балбыратады. Су жақтан шырылдаған шегірткенің, бақаның даусы, аспандағы жымыңдаған жұлдыздар...  Мен осы көріністерді көз алдыма әкеліп, сағынып жүрмін.  

  Ия мен осынау дархан елде, Қызылорда облысында туылғанымды  мақтан тұтамын.

     Сыр бойы-бүкіл түркі халықтарына ортақ   абыз, бүгінгі Мәңгілік ел идеясының бір тамыры өзінен бастау алатын, ойшыл, мәңгілік өмірдің кілтін руханияттан тапқан сазгер, ыспалы музыкалық аспаптардың атасы Қорқыт бабамыз өмір сүрген, мәңгілік мекен еткен киелі топырақта дүниеге келгеніме шүкір деймін.

   Мен – қазақпын. Мен –қазақтың қара домалақ баласымын.

Мен – бақыттымын. Мен – баймын.  Неге дейсіз бе?

Менің өз отаным бар. Өз ана тілім, өз үнім бар. Мен өмірде бармын. Анамның әлдиін тыңдап, махаббатына бөленіп көктемгі көк шыбықтай  өсіп келемін. Жыл санап қарыштап дамып жатқан Қазақстан атты елімнің топырағына аунап еркелеймін, қуанамын, шаттанамын, кішкентай жүрегімді қолыма алып, атойлап мақтаныш сезімге бөленемін. Ойымды өз тілімде жеткізе аламын.

Біздің халқымыздың атамекенді ардақтау сезімі өте терең, туған жерді қасиет тұту-қанымызға сіңген мінез, ежелгі дәстүр.

   Туған өлкем... жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, жанның барлық толқындарын ұрпақтан – ұрпаққа жеткізіп, сақтап отыратын қазына емес пе? Әрбір тіршіліктің ғұмыр – бұлағы  да, тәлімнің өмір - нәрі  де ана болмысынан бастау алады. Оған тектіліктің символы Ораз – Мұхаммедтің әжесі  - Әз ханымның, дара Абайдың әжесі – Зеренің,  дана Шоқанның  әжесі – Айғанымның  ана тілімен мол өнеге дарытқандары дәлел. Ендеше әрбір адам үшін ең асыл қазына- отанын, туған елін сүю деп білемін.                                             Халық батыры Бауыржан Момышұлы былай деген екен:

«Біздің тарихымыз батырға бай тарих, халқымыз батырлықты биік дәріптеп, азаматтық пен кісіліктің символы, үлгісі санаған. Батырлық, ерлік деген ұрпақтан ұрпаққа ата дәстүр болып қала бермек. Өткенін білмеген, тәлім - тәрбие, ғибрат алмаған халықтың ұрпағы - тұл, келешегі тұрлаусыз. Біздің қазақ халқы - батыр халық».

Қазақ халқын құрып кету қаупінен сақтап қалған, жерін жауға бермей, ұлан байтақ өлкесін қазақ еліне мәңгі қоныс ету мақсатында жарғақ құлағы жастыққа тимей, елім деп еңіреп өткен хас батырлар қаншама десеңізші! Бұлардың ерлігі біздерге қашан да болса өнеге болмақ. Әрбір адам біздің мемлекетімізге, соның бай да даңқты тарихына, оның болашағына өзінің қатысты екенін мақтанышпен сезіне алатындай еңбек етуі қажет. Отаншылдық сезім ертеден қалыптасқан, ескірмейтін, мәңгілік, қасиетті ұғымды  Отанға деген сүйіспеншілік, бойындағы бар күш – қуатын, ерік-жігерін Отан игілігі мен мүддесіне аямай жұмсау, туған жерін, қасиетті ана тілін, елдің әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін құрметтеу деп түсінемін. Ұстаздарымыз айтқандай адамгершілікті, тәрбиелі адам – кез келген мемлекеттің байлығы, әлеуметтік өмірдегі бейбітшілік пен мәдениеттіліктің кепілі.   Олай болса ең алдымен тілімізді, дінімізді, салт - дәстүрімізді білсек, тіл - қазақ болуымыз үшін, дін - адам болуымыз үшін, салт – дәстүр - ұлт болуымыз үшін қажет. Елбасы Н.Назарбаев атамыз біз өмір сүріп отырған мекенге қаншама жақсы жағдайлар жасауда..Біздердің сауатты болып өсуімізге, сапалы білім алып елді өркендету, қызмет ету үшін  бағыт беруде. Елімізде көптеген ұлт өкілдері тұрады. Тәуелсіз мемлекетімізде бірнеше ұлттар мен ұлыстар тату-тәтті бір шаңырақ астында өмір сүріп жатыр. Елімізде тұратын ұлттардың өз асссамблеясы бар екенін бізге апайымыз  түсіндіріп кетті. Біздің қазақ   ұлтының құқықтары  заңмен қалай сақталса, басқа ұлттардың да құқықтары солай қорғалады. Мәртебесі көкке жеткен еліміз көптеген жетістікке жетуде. Бір шаңырақтың астында қазақ, орыс, қырғыз, өзбек, татар, ұйғыр, әзірбайжан, башқұрт, неміс, украин, белорус, кәріс татулықта, сыйластықта өмір сүріп жатқан   олар бір-бірінің

салт - дәстүрін құрметтеп, жерімізді бөлісіп отыр.

      Қазақта «Отаны бірдің тілегі бір, жүрегі бір» деген жақсы сөз бар.

Жүзі басқа болса да, жүрегі бір, тілі басқа болса да, тілегі бір, атасы басқа болса да, Отаны бір қаншама ұлттар мен ұлыстарды біріктіріп отырған - Қазақстан атты елміз. Көп ұлт өкілдері тұратын ел болуымыз - біздің байлығымыз, мақтанышымыз, халықтар достығы деп ойлаймын. Мен қашан да Қазақстанда туылғаныма қуанамын, еліммен мақтанатын боламын. Елімізде жақында болған террористердің әрекетіне Елбасымыз әділ шешім шығарып, дер кезінде тоқтатты. Біздің келешегіміз үшін барлық қауіпсіздікті жоспарлаған Президентім Нұрсұлтан атаға мың алғыс.
Еліміздегі ынтымақ, бірлік, достықты мақтан етуге тұрарлық. Ынтымақ бар жерде бақыт бар.

   Қазақстан Республикасы – өзінің тәуелсіз мемлекет екендігін бүкіл әлемге дәлелдеді. Енді басты міндет – осы мемлекеттің өркендеп өсуі болса Қазақстанды – Отаным деп таныған әрбір азаматтың осыған өз мүмкіндігінше үлес қосуы тиіс деп түсінемін. Туымызды, Елтаңба, Әнұранымызды тұмардай қасиет тұтсақ деймін. Нұрсұлтан атамыздың рәміздер жайлы айтқан ойтолғамын оқығанымда қатты толқыдым.

«Тудың түсін дәл табу оңай болған жоқ. Зеңгір көк түстің мағынасы өте терең. Мұнда біздің ашық аспанды, яғни бейбіт күнді айшықтайтын кіршіксіз көңіліміз бар, мұнда көкті тәңір тұтқан ата-бабаларымыздың арман-аңсары бар, мұнда біздің халқымыздың біртектілігін, мемлекетіміздің бөлінбейтінін білдіретін ұлы тұтастық идеясы бар.

Мына алтын күн алаулаған зеңгір аспанның аясында баяу қалықтаған дала бүркіті-қазақтың қыран көңілін, дарқан да ақ, бітімшіл бейбіт көңілін шырқау биікке алып шыққандай. Мазмұнына өрнегі жарасқан тәуелсіздіктің қасиетті Туы мәңгі желбіресін, күніміз мәңгі сөнбесін! Қазақ өмірінің ұлы белгісі-шаңырақтан  тараған таң шапағындай  уықтар аясындағы  ай мүйізді, алтын қанатты ғажайып  пырақтар халқымыздың болашаққа ұмтылған асқақ арманның бейнесіндей болып көрінеді. Қос пырақтың ортақ шаңырақты қанатымен қорғап тұрғаны да көп ой салады. Елтаңбада ұлы идея - еркіндік  идеясы біздің есімізге қазақтың: «Отан үшін күрес-ерге тиген үлес» деген қанатты сөзін еске салып тұратын болсын»,-деген.

«Біздер Қазақстандықтар - бір халықпыз!Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Осындай елде туылып, өмір сүргенімді мақтан етемін. Отан алдындағы парызым-ұлы жауапкершілікпен білім алып, туған өлкемнің  өркендеуіне өз үлесімді қоссам деймін.

   Сыр бойы-қазақ  даласында дәуірлеген мемлекеттер ту тігіп,астанасын салған қасиетті жер. Мұнда Сақ мемлекетінің ордасы, әрі көне қала мәдениетінің орталығы-Шірік-Рабат шахары, Оғыз мемлекетінің астанасына айналған Жанкент, Қыпшақ және Қазақ елінің астанасы болған Сығанақ қаласы салынған. ХХ ғасырдың басында, Қазақ елінің алғашқы астанасы болған бүгінгі Қызылорда қаласының киелі Сунақата ауылында тұрамын. Сыр бойы-бүкіл түркі халықтарына ортақ   абыз, бүгінгі Мәңгілік ел идеясының бір тамыры өзінен бастау алатын, ойшыл, мәңгілік өмірдің кілтін руханияттан тапқан сазгер, ыспалы музыкалық аспаптардың атасы Қорқыт бабамыз өмір сүрген, мәңгілік мекен еткен киелі топырақта дүниеге келгеніме шүкір деймін.

 15 ғасырдың 70- жылдарында Қазақ хандығы Сырдария бойымен жүріп отырып, Қаратаудың бөктерін иеленді. Хандықтын жері кеңейіп, оған түкпір-түкпірден туыс рулар келіп қосылып жатты. Қазақ хандығының құрамына алғаш қосылғандардың қатарында Сырдың жағасындағы Созақ пен Сауран қалалары бар еді. Қасым хан жас мемлекеттердің астанасы етіп, Сығанақ қаласын таңдаған. Соның нәтижесінде тоғыз жолдың торабында орналасқан Сыр елінің қалалары көркейе түсті. Ал Тәуке ханның тұсында Сыр бойындағы қалалардың саны 32-ге жетті. Жоңғар шапқыншылығынаң зардабын тартқан халық тұс-тұстан ауып келіп, алты Алаштың табан тірері-Сыр бойын паналаған. Сондықтан да, сыр өңірі қазақ хандығының рухани-мәдени орталығы ретінде ұлтқа пана болған,Ұлы даланың киелі мекені ретінде танылады. Елбасының Сырды Алаштың анасына балайтыны да сол себептен болар. Тарихи тағдырымызға жүздеген жылдық күрделі кезеңдері үшін, бізге дейінгі және келешекке ең асыл мұра болып қалған Ұлы Отанымыз-Тәуелсіз Қазақстан үшін  қызмет еткен аталарымызға  рахмет айтқым келеді.

    Л. Толстой атамыз : «Өмірде шүбәсіз бір ғана бақыт бар, ол өзгелер үшін өміріңді арнау» деген екен. Мен де келешекте  туған өлкеме   аянбай қызмет жасауға  дайынмын.  

Мен өзімнің туған өлкемді сүйемін және мақтан етемін. Болашақта өз елімнің дамуына теңізге тамған тамшыдай болса да өз үлесімді қоссам деп армандаймын.

 

         Алмазұлы Санжар

Қызылорда облысы,  Жаңақорған ауданы,  №194 орта мектебінің 7-сынып оқушысы

Ілмексөздер:

0 пікір

Әзірге пікірлер жоқ

Пікір қалдыру

Қызықты жазбалар

Менің туған өлкем

Менің туған өлкем

Туған өлкем - тал бесігім!

Менің өз ауылым!

Автордың басқа жазбалары

БӨЛІМ ТУРАЛЫ

БӨЛІМ ТУРАЛЫ

РАХЫМЖАН ВЕНЕРА ЕРЛАНҚЫЗЫ