Өз Отаныңды, туған тіліңді, түп-тамырыңды білмейінше нағыз патриот бола алмайсың.

Н.Ә.Назарбаев

Басты бет
Оқушы үшін
Безымянный-1-1.jpg

Менің туған өлкем

Саған деген айтылар назым әнмен,

                                                           Сенсіз менің,

                                                                              Туған жер, қазынам кем.

                                                                            Басқаларды білмеймін,

                                                        Бас ауырса,

                                                                           Жусаныңды иіскеп-ақ,

                                                            Жазылам мен!

                                                                                                           Қадыр Мырза Әлі

Жоспар

І. Кіріспе.  «Туған жер –алтын бесік»       

ІІ. Негізгі бөлім. 1. Туған өлкем-тұған шежіре

                             2. Жымпиты – Күнбатыс Алашорда ошағы.

                    3. «Туған жердің тоғайы –тынысың, торғайы -тынысың»                               

ІІІ. Қорытынды. 1. Ерлер есімі – ел есінде

                              2. «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас»

 

    Туған жер - адамзат баласының дүние есігін ашқан қасиетті мекені. Әрбір адам туған жерінің бір уыс топырағы мен оның қадыр қасиетін ана сүтімен бойына дарытып ер жететін шығар. Сол үшін де қазақ атамыз «жер – ана мен өз анаң жалғызың» деп тәрбиелейді. Талай ғасырлар бойы дана халқымыз үшін туған жердің тауы мен тасы да, бір түп жусаны мен саф ауасы да бәрінен жоғары болып келген. Біз үшін де солай болып қала берері анық. Өз  басым қазақтың қызы болып туғаныма мақтанамын. Жер бетіндегі қаншама ұлттар мен ұлыстардың арасында мен өз халқымды мақтан тұтамын. Жүгірген  аңның бауыры талып, ұшқан құстың қанатын талатын  мына ұлан байтақ жеріміздің ата – баба аманаты екенін мақтан етемін.

     Мен Батыс Қазақстан аумағындағы Жымпиты деген елді мекенде дүниеге келіппін. Біздің аудан Байбақты Даттың баласы Сырым батырдың атымен аталады. Сырым батыр өз заманында «бала биден, дана биге айналған», сөз бастаған шешен, қол бастаған көсем болған, ұлт азаттықтың негізін қалаған дала реформаторы. Биылғы жыл біздің ауданымызда батыр бабамыздың 275 жылдық мерейтойы республикалық маңызға ие, кең көлемде аталып өтпек. Жымпитының кішкентай ауылында осыдан екі жүз жетпіс бес жыл бұрын дүниеге келген бабамыз, аумалы – төкпелі замандағы қазақ халқының басына төнген қара бұлттың сейіліп, ұрпағының бақытты да тәуелсіз ғұмыр кешкенін армандаумен өткен шығар. Иә, ол бір жаугершілік заман болған еді. Сол кездің өзінде қазақтардың қой бағып қана емес, саналы ой баққан данагөй болғандығын осындай абыздарымыздың өмірінен көргендей боламыз. Ұлттың ұлылығын сақтап қалу үшін жан аянбай күрескен батырдың атындағы жерде дүниеге келу- біздер үшін зор мақтаныш және үлкен жауапкершілік. Осы күні «Ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен» деген сөз тіркесі жиі қолданып айтылып келеді. Алайда, бұл теңеу менің туған жеріме, менің батыр бабама арнап айтылғандай көремін. Себебі, Жайықтың шұрайлы жерін орыстарға бермеу үшін найзасы қолынан он төрт жыл тастамаған осы Сырым батыр болатын. Оның үстіне кіші жүзді «Найза беріп жауға қой...» - деген тағы бір нақыл сөз дәлелдей түседі емес пе?! Етігімен  саз кешіп, жылқылары ауыздығымен су ішіп, белдеуге байланған жүйрігі мен белбеуге байланған шоқпары түспей талай  ерлеріміз, ел еңсесін қайтсем көтерем, жер дауы мен жесір дауын қалай шешем, деп қиналған болар. Содан бері қаншама уақыт өтті, қаншама заманды бастан өткердік. Тағы бір таң қаларлық оқиға ол, Сырым батырдың Ұлт азаттық оқиғаларынан соң, біздің Жымпиты тағы бір саяси оқиғаның бел ортасында жүргені. Ол  Алаш қайраткерлерінің қозғалысы мен Күнбатыс Алашорданың «Жасыл туы» тағы да осы менің өлкемде желбіреуі болатын. Сол кездегі саяси аренаға көтерілген талай Алаш ақтаңгерлері біздің өлкеге ат басын бұрғаны. Бұған себеп, жаңағы Сырым батыр салған сара жолдың қалған соқпағы ма, болмаса, сол бабалардың арман мақсатын жете түсінген сол кездегі жаңа ұрпақтың күштілігі ме?!..

     Тарих  қойнауының  бесті белесіне  айналып үлгерген  саяси аренаның  күрескерлері уақыт озған сайын жаңа қырынан танылып, қын түбінде жатқан алмас қылыштай жарқырай түсуде.  ХХ ғасырдың  басындағы  ұлт зиялыларының  халқымыздың  жарқын болашағы үшін шыбын жандарын шүберекке түйіп шаһид болғандары баршамызға аян. Кеңестік дәуірдің  қылышынан қан тамған заманында «жабық» тақырыпқа айналған  қайраткерлердің есімдері  алтын әріптермен қайта жазылып, еңбектері ескеріліп тарихтың құнды  жәдігеріне айналып отыр. Кезіндегі ел бірлігі мен тәуелсіздігі жолындағы «Алаш» қайраткерлерінің  есімдері ұрпақтары үшін жаңарып, жаңғыруда. Солардың ішіндегі  бірегейі Жаһанша Досмұхамедовтың туғанына 130 жыл  толып отыр. Жаһанша Досмұхамедов өзіміздің жеріміздегі Бұлдырты ауылының Тамды өзенінің бойында 1887 жылы дүниеге келген. Болар бала жасынан демекші, жастайынан оқуға зерек Жаһаншаны әріден ойлаған әкесі ауыл молдасынан алған біліммен шектемей болыстық  орыс—қазақ мектебінде оқытып, кейін Орал қаласындағы әскери-реалды училищесіне оқуға түсуіне де көмектеседі. Қазақтың салтымен баласын алыс сапарға шығарарда қонақасы беріп оған, байбақты, алшын, беріш руларының беделді адамдары мен атқамінерлерін  шақырады. Соның ішінде беріштің елге сыйлы азаматы, өзімен аттас Досмұхамед пен атақты Қуанай хазіретті шақырып ұлына бата бергізеді. Досмұхамед те өзінің ұлы Халелді таныстырып, бөтен жерде бір-біріне бас-көз болуды тапсырып таныстырады. Кейіннен осы таныстық үлкен достыққа, достықтары туыстыққа ұласады. 1917 жылғы патшаның тақтан құлағанынан кейін-ақ, қазақ зиялылары өз алдарына бөлек қоғам құру керектігін түсініп жанталаса бел шеше кіріскен еді. Алғашқы қазақ съезін өткізу керетігін де түсініп қолға алған  Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, Ж.Ақбаев, Ә.Ермеков, А. Байтұрсынов, Ж.Досмұхамедов, Х.Досмұхамедов секілді  азаматтар болатын. Орал облыстық қазақтарының алғашқы съезі сол жылдың сәуір айында Орал қаласында өткен. Үш күнге созылған жиында халыққа қажетті маңызды мәселелер қаралып жатты. Осындан кейінгі сиез Ойылда, үшіншісі Қаратөбеде, төртіншісі Жымпитыда өткізілді. Ал, ол сиез өзіміздің қазіргі Таракановтар үйі аталып кеткен  қос қабатты үйде өткен еді.

      Жаһанша мен Халел секілді  қоғам қайракерлерінің табаны тиген киелі өңірде туып-өскенімізді мақтан тұтып, оның қадыр-қасиетін сезіне білуіміз керек. Себебі, біз кез-келген жерге бұйырмаған, енді қайталанбайтын, тарихи тәбәрік мекенде тұрмыз. Ол үшін осы аудандағы әрбір отағасы мен отанасы балаларына «Алаш» тарихы мен Жаһаншаның кім екенін айтып отырса, жақсы болар еді. Біз олар туралы өзіміздің тарих сабағында, ал өзім анам жасайтын аудандық музейдегі мәліметтер арқылы кеңінен біліп отырамын. Уақыт өткен сайын алыстаған таудың биіктегені секілді құнды жәдігерлерге айналып келе жатырған тарихи мұрамызды қолдан келгенше сақтауға міндеттіміз. Еліміздің еркіндігі өзіміздің Жымпитыдан бастау алып,  жасыл тудың астына біріктірген «Алаш»  қайраткерлерінің  ерен еңбектері әлі де көптеген зерттеулерді қажет етеді.Тек аудан ғана емес мемлекеттік маңызы бар тарих ақтаңдақтарын жарқырта  көрсетіп,   Жаһаншадай көсемнің есімі мәңгі жасайтынын естен шығармауымыз керек. Сол қайсар рухты қазақтың туған  жерінде кешегі жалынды ақын, отты батырға айналған Абдолла Жұмағалиевтың ерлігін қайда қоямыз?! Осыншама тұлғаларын өлеңге қосу үшін Қадыр Мырза Әлідей абыз ақынымызды, тарихи оқиғаларды әңгімесіне арқау қылу үшін Мұқадес Есламғалиевты дүниеге келтірген мекеннің   киелі екендігіне ешкім шүбә келтірмес...

Оның үстіне кешегі Ұлы Отан соғысына Жымпитыдан аттанған үш мыңның үстіндегі жауынгерлердің ерлігін қайда қоямыз.  Бүгінгі таңда  біздер сол бабаларымыздың салып кеткен сара жолының ізбасарларындай сезініп, соған лайық  қылық көрсетіп, білімді болуға күш саламыз.  Тек сол ата- баба ерлігін дәріптеп қана қоймай, қайсар рухты, өр мінезді, кісілік пен тектілікті, адамгершілік пен адалдықты бүгінгі ұрпақтың бойына дарытуды мақсатына айналдырғанын біздің Қадыр Мырзалиев атындағы білім ошағы бар жігерін аямай жұмыстануда. Абыз ақынның атын иемденген мектептің атқарар жұмысы қаншалықты көп болса,жауапкершілігі де еке есе көп болмақ.

       Ал, туған жерімнің табиғатымен мақтап қана емес, мақтана алатынымды да айтқым келеді. Біздің Сырым ауданы - дала мен шөлді аймақтарымызға тән өсімдіктерімен үйлесім тапқан жазық дала.  Қай жағынан алып қарасақта Жымпиты жері жануарлар әлеміне бай болып келеді.Сырым ауданы негізінен далалық және шөлейт белдемге жататындықтан жануарлар дүниесі де соған сай бейімделе мекендеген. Сондықтан да болар олардың түсі қоңыр сары болып келеді. Сүтқоректілердің ірісі қасқыр, түлкі, қарсақ пен қояндар болса, негізгі басым бөлігін кеміргіштер қамтиды. Олардың ішінде борсықтар, сарышұнақтар, жертесерлерді көптеп кездестіруге болады. Ал, құстардың ішінде жылда келіп тынығатын жыл құстарының сұлуы тырналарды Талдыбұлақ ауылының дәл іргесінен көруге болады.  Сонымен қатар, Қособа мен Шідерті маңында аққулардың балапан басып шығартынын естіп жатамыз. Құстардың ішінде бүркіттер мен жылқышыларды, шілдер мен кезқұйрықты да айтуға болады. Олардан бөлек үйректерді, шағалаларды, күйкентай мен бөктергілерді де кездестіруге болады екен.. Соңғы кездері қыс мезгілінде қасқырлардың да жақын маңнан бой көрсетіп жүргені туралы жиі айтылады. Табиғат тепе – теңдігі үшін жыртқыштар мен олар қоректенуге жарайтын ұсақ кеміргіштердің  үйлесім тауып тіршілік еткені көңіл қуантады.

     «Қызыл кітапқа» енген құрқылтай құсы туралы да аңыз әңгімелер жетерлік. Кезіндегі Шідертінің талдарына иіле ілініп тұратын осы бір құстың әдемі ұясын жиі кездестірмейтін болдық.  Қазақ халқы халықтық медицинада «бұлау» әдісімен баспа, өңеш, жатыр ауруларын емдеген  емдік қасиеті үшін ұясын пайдаланған бұл құстардың балапандарына, жыландар да өш болатынға ұқсайды. Жаулары көбейген жабайы табиғатта «тіршілік үшін болатын күрестің»  басым бөлігі жемтікке айналып кете беретін «құзғын»  нәпақа үшін болып жататыны әрине өкінішті.

        Табиғаттың тамаша тартуы жәндіктер әлемі де қашан да гүлді аймақ пен ағашы көп жердің қоныстанушылары болғаны белгілі. Олардың ішінде де біздерге танысы өрмекшілер мен көбелектерді, инеліктер мен шегірткелерді көптеп кездестіре аламыз. Жапырақ жегіш «өздерінше» жыртқыш қоңыздар мен көбелектің жұлдызқұртында, зиянды топтың негізгі өкілі саналатын таскенелерді де көптеп  кездестіруге әбден болады.  Қашанда табиғатқа аялы көзбен қарап, сенім білдіріп қамқорлық таныту адамдардың басты борышы болып саналады. Сол табиғатқа деген сүйіспеншілік, оны танып білуге деген құштарлық қазақ халқының жер – су атауларына да арқау болғанынан көруге болады. Осы мақстта да ауданымыздағы, Қоңыр, Ұшқат, Сүттіген, Жыланды, Өлеңті, Қамыстыкөл,  Жарқамыс тағы басқа көптеген атаулардың шығу тарихы сол жердің алып жатырған табиғатына тікелей байланысты қойылғанынан көруге болады.  Сондықтан да,  ақындар мен жазушылардың шығармашылығына арқау болған туған жер табиғаты қашанда ыстық, қашанда маңызды болып қала бермек.

      Сырым ауданы физикалық тұрғыдан алғанда далалық белдемге жатады. Ауданның жері мамырдың мамыражай күндері  қызғалдақ толы ен далаға айналып, туған жерге деген сезіміңді  арттырып, көңіл – күйіңді көтеріп, ерекше шабыттандырып жібереді. Соның ішінде Қоңыр жеріндегі Былқылдаққа дейінгі аралықты,  жасыл өсімдіктердің алуан түрлері мен саны жағынан ең көп тараған, әрі қалың өскен аймақтардың ішінді Қоңыр жері мен Қабанбай маңын ерекше айтуға болады. Ал, жабайы жалбыздар мен бәден шөптер Кеңащы жерінің аса сұлу табиғатына көрік беріп тұрады.  Ақшат тауының маңы мен Қабанбай Қақпақтының талай бабамызға мұра болып, жаугершілік заманда пана болған қасиетті мекеннің бүгіндері де басынан бағы таймағаны, мол өскен шүйгін шөптері мен дала гүлдерінің мұрын жарған хош иісіне қарап тамсанбасқа амал қалмағандай. Сонымен қатар, ол жерде сайды жағалай өскен қалың дәрілік түймедақтың да өсуі алып жатырған орнының  ерекше екенін көрсеткендей. Өсімдіктің таралуы әрине оның топырақ жамылғысы мен құрамына тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда түгін тарсаң майы шығатын Қоңырдың қоңыр топырағы мен Ақшаттың  ерекше таулы аймағы басымдылық көрсетсе керек.   Шалғынды каштанды топырақтың да өзіне тән бай өсімдіктер әлемі мал шаруашылығы үшін маңызды рөл атқарады. Олардың ішінде жусанның түрлері, бұталы өсімдіктер мен көптеген дәрілік өсімдіктер түрімен мақтана аламыз. Олардың ішінде, сүттіген, киікоты, жалбыз, түйетікен, ошаған, өгейшөптерді атап кетуге болады. Ал, далалық жолдардың бетеге мен жусан, қаңбақтар мен бидайықтар басым бөлігін құрайтынын көруге болады. Бұлдырты мен Көздіқараның майлы қара топырағы ең құнды дәрілік өсімдік мияға бай. Ауданымыз бойынша өсімдіктерге қатысты фитотопонимдік атаулардың алатын орны жоғары болғанын түсіну қиын емес. Олардың ішінде, Сүттіген, Өлеңті, Қоға, Жарқамыс, Қырмызы, Қараған,Ұшқат, адам аттары мен аталған ағаштарға да атау берілуі содан болса керек.

     Ал, ақын – жазушылар туған  жерге арнап талай тарихи романдарды, әңгіме – повестерді, өлең – жырлар мен тоғауларды дүниеге әкелген. Олардың ішінде тарихпен тағдырласы да, табиғатпен тамырласы да бар екені белгілі. Оның ішінде Хамза Есенжановтың «Ақжайығы», Қадыр Мырзалиев пен Абдолланың отты жырлары мен кешегі Мұхамбетқали Қажығалиевтің «Тар кезеңі» өз алдына бір төбе. Оның үстіне өткен ғасырда  арнайы келіп – кеткен атақты Сәкен Сейфуллин де Жымпитының табиғаты мен адамдарын оның алып жатырған орнын тамаша сипаттап кеткен. Туған жердің әрбір тасы мен жусанына өлең жазбаған ақындар кемде – кем шығар, ал оның тіршілігін қыл қаламмен өрнектеп, боямасыз тіршілігін сол күйі жеткізу бақыты бұйырған жерлес суретші, қыл қалам шебері алғашқы суретшілер Одағының мүшесі болған Мұратбек Тауфиқұлы Жолмановтың алар орны қашанда ерекше болып қала бермек.

Болмысы тау тұлғалы адамдарды дүниеге әкелген  қасиетті Жымпиты топырағында талай  табиғаттың сұлулығын жырлайтын ақындардың да дүниеге келеріне сенімдіміз. Солардың бірі, бірегейі ауданымыздың жас айтыскер ақын Бауыржан Шимерденұлының мына өлең жолдарына менің жазған ой толғамдарым сиып кеткен секілді. Олай болса Жымпитының тағы бір жас ақынының өлеңдерімен шығармамды аяқтағым келеді:

Қолдаушым Құдай бір ғана,

Төбемнен биік күн ғана.

Ер Сырым деген дүр баба,

Есейтіп кеткен бұл дала.

Жаншадай арыс тұлғама,

Береді төмен кім баға.

Абдолладай шын дара,

Баһадүрлер бар мұнда да

Абызға елді бір бала,

Қадырдың жырын тыңда да.

Киесіздіктен күллі ада,

Емеспіз кенде жырға да.

Өсиет сіңген ұлға да,

Қасиет сіңген ұлға да!

Қор болған көріп қандасты,

Көл болған көріп жар жасты.

Жаһанша батыр жұрты үшін,

Жалына аттың жармасты.

Халелдің талай түнінен,

Халықты ойлап мән қашты.

Маңдайы жарық бабалар,

Қараңғылықпен жауласты.

Күнбатыс Алашорданың,

Еңбегін жылдап шаң басты.

Арманы бүгін олардың,

Ақиқатпенен жалғасты,

Жымпиты біздің Алашқа,

Астана болды алғашқы.

Жерұйықпенен сыңарлы,

Айтпаймын қалай бұларды.

Талдыбұлақтың суы да,

Топырағы да құнарлы.

Аралтөбе атын әу бастан,

Есенгелдімен шығарды.

Осы ел туған әйгілі,

Тілеков Жәрдем жырауды.

Тасқұдық елі ұшырды,

Майданов деген қыранды.

Әулие демей кім дейсің,

Зинеке менен Тұманды.

Жерлерге осы жол түссе,

Аялдап оқы дұғаңды.

Көлемін басқан көбінің,

Бұлдырты деген өңірім.

Бұлдырты жақтан бастаған,

Сырым батыр да жорығын.

Қазаққа қатты қадірлі,

Жосаға батқан Қоңырым.

Отаны үшін Абдолла,

Ораған отқа өмірін.

Мұқадес, марқұм Мұратбек,

Оңалды бүгін орының.

Қоңырдан ұшқан қырандар,

Иесі қазақ көгінің.

Ұлыңның тіле ағайын,

Дәл осылардай болуын.

Даламның көшкен дауылы,

Қасиетімнің қалыбы.

Шідерті жанын жайлаған,

Бұландай бидің ауылы.

Жамбылда жатыр қазақтың,

Ер Тайлақ деген дәу ұлы.

Алғабасымда тұтанған,

Өнердің кілең жарығы.

Елбасы келген Тоғанас,

Танымалдықтың дәуірі.

Сол маңда жатыр Хазірет

Жұмағазының қауымы,

Ер Сырым шыққан төбеден,

Естілер ерлік сарыны.

Сырымның осы даласы,

Білінбес беттен наласы.

Бақытқа батқан Өлеңті

Шідертінің жағасы.

Бұлдырты менен бүп бүтін,

Аңқатының арасы.

Түтінім ұшсын түп түзу,

Тілейтінім ғана осы.

Бітімғали Ақниет

Батыс Қазақстан облысы,  Сырым ауданы, Жымпиты ауылы Қ.Мырзалиев атындағы орта мектепбінің 6-сынып оқушысы

Ілмексөздер:

0 пікір

Әзірге пікірлер жоқ

Пікір қалдыру

Қызықты жазбалар

Менің туған өлкем

Менің туған өлкем

Туған өлкем - тал бесігім!

Менің өз ауылым!

Автордың басқа жазбалары

БӨЛІМ ТУРАЛЫ

БӨЛІМ ТУРАЛЫ

РАХЫМЖАН ВЕНЕРА ЕРЛАНҚЫЗЫ