Өз Отаныңды, туған тіліңді, түп-тамырыңды білмейінше нағыз патриот бола алмайсың.

Н.Ә.Назарбаев

Басты бет
Оқушы үшін
Безымянный-1-1.jpg

Туған өлкем - тал бесігім!

 

                                                                                                     Көкірегімнің үміті мен тілегі

                                                                                       Күй боп түлеп, күн боп шығып күледі.

                                                                                             Күн астында көк төбелер түледі —

                                                                                            Менің елім, менің елім — гүл елі!

                                                                                                                  Жұмекен Нәжімеденов

                        Жоспар.

І. Кіріспе. «Алтын діңгек - өзім туған босағам...»

ІІ.Негізгі бөлім.

  1. Бабалар мекені Атырауым - шежірелі Сарайшығымен қасиетті.

  2. Атырау өңірінің ақын -жазушылары -ұлт мақтаныштары.

  3. Мұнайлы өлке, шырайлы өлке  Атырау – еліміздің қазыналы өңірі.

ІІІ.Қорытынды. «Туған жер-ай, күнім де сен, дінім де сен»

Тал бесіктен жер бесікке дейінгі өлшеулі ғұмырнамамызда азат, егемен,тәуелсіз елдің ұрпағы болғанымызғы мың шүкір етемін. Атақоныс, Атажұртым, Атамекенімнің төрінде бақытты балғын шағым өтіп жатырғанына да мың тәубе.Талай ғасырлар бойы елі-көк аспан, төрі-жайлау болған қазақтың берекелі шаңырағы шайқалмай, көк байрағы желбіреп, әлем назарында өзге елдермен иық тірестіріп отырғанымызға да риза көңілмен қунамын. Әрине, бұл күнге, арманды тәуелсіздікке найзаның ұшымен,білектің күшімен жеткенімізді бір сәт есімізден шығаруға болмайды. Қазақ еліне, қазақ жеріне деген сүйіспеншілік туған жерге деген қадір-құрметтен басталады. Туған ауылын, сәби күннен көзіне таныс өңірін қастерлей білмеген адам  қазағын, оның даласын қадірлеп жарытпайды. Алатау мен Алтайдың асқақтығы оны қызықтырмайды. Қазақ «әркімнің туған жері – өзі үшін Мысыр шаһары»,- дейді. Мұқағали Қарасазын, Тұманбай Жетісуын қалай сүйіп, қалай қадірлесе, әркім өзінің кіндік қаны тамған туған жерін солай сүйіп,солай қадірлеуі тиіс.

Туған өлке....Не деген керемет сөз! Туған өлке туралы сөз қозғағанда жүрек тебіренеді. Туған жер - әркімнің кіндік қаны тамған қасиетті мекен. Оның күні де, түні де, тау-тасы да, сарқыраған өзені мен жайқалған көк майсасы, еркелей ескен желі, шұрқыраған жан-жануары, шырылдаған құстары - бәрі де жаныңа ерекше ыстық, ерекше жақын. Қайда жүрсең де, өзіне тартып тұратын, есіңе түссе,  көңіл қобызыңды беу-беулетіп, жүрек отын жағатын дүние есігін ашқан жеріңді сүймеу, алыстасаң сағынбау мүмкін емес. Жерінде жеміс-жидек бітік өсіп, көк желегі жайқалмаса да, қу шөптің басы қылтимайтын туған топырағың бәрібір де қасиетті, бәрібір де өзге жер, өзге мекенмен салыстыруға да келмейді. Шіркін- ай десеңші, өз туған өлкеңе жететін ешбір өлке жоқ қой! Солай емес пе? Туған өлкеңнен біраз уақыт алыс кетсең, бақандай бір күнің бір  жыл секілді. Сен  өз жеріңнен алыс жүрсең де, жүрегің жерім деп соғатындай болып тұрады. Туған өлкеңе деген сағынышың күн санап ұлғая береді, ұлғая береді. Не деген керемет сезім! Әрине, әр адам өз елімен, өз жерімен мақтанады ғой. Мен де өз елімді , өз өлкемді мақтан тұтамын! Мен - мұнайлы Астана-Атырау өңірінің тумасымын.

                          Атырау- өлке үстімен ұйтқып асқан жел,

                          Сәріде сағым сәукелесін алып қашқан бел.

                          Шұбар ту ұстап Исатай менен Махамбет,

                         Еңсесі биік ерлердің басын қосқан жер – деп, Нарынның наркескен ақыны атанған  Нұралы Әжіғалиев жырлағандай, сырлы шежіреге тұнған Атырау өңірі – менің туған өлкем, кіндік қаным тамған қасиетті мекен. Қасиетті дейтін себебім, бұл өңірдің ұланғайыр қазақ даласында алатын өз орны, өз өрнегі бар. Дала абыздары Асан қайғы мен Қазтуған қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған Жерұйықты, бақыттың бесігін Ұлы Су – Жайықтан іздеді. Дәл осы Жайықтың жағасы Сарайшықта – Алтын Орда мен алғашқы қазақ хандығы орталығының қоныс теуіп, Ұлы Жібек жолының күре тамыры болуы кездейсоқ құбылыс емес. Сарайшық – Атырау қаласының солтүстігінен 50 шақырым жерде Жайық өзенінің оң жақ жағалауында орналасқан ортағасырлық қала.

Талайды туыс қылған,қандас қылған,

Төрінде талай мейман малдас құрған,

Сарайшық-Еуропа мен Азияның;

Арасын алтын көпір жалғастырған.

                           Бұл жерде даңқы тарап шетке небір,

Дулатып дүниені өткен өмір.

Дамылдап жатыр мұнда дала ұлдары-

Тоқтамыс,әз-Жәнібек,Мөңке-Темір,- деп   жергілікті ақын ағамыз

жырлағандай, елдік,бірліктің  өнегесі осынау Сарайшықтан басталғандығын айтып өтеді. Сарайшық – тарихымыз бен түп тамырымыз тоғысқан азат еліміздің шежірелі көрінісі.

Күреске толы қазақ тарихын сөз етсек, «қара қазан, сары бала қамы үшін»  «ереуіл атқа ер салып, егеулі найза қолға алып», «еңку-еңку жер шалған» Исатай мен Махамбеттерді айтпай кету мүмкін емес. Махамбет бабамыз ел басына қауіп төндірген жауымен сарт та сұрт айқасып қалғанда, найзасымен іліп түскен, тілімен тіліп түскен, семсерімен ойып жіберген, сөзімен сойып жіберген. Ақжайық өңірінде туған осындай есіл ерлер - еліміздің мақтаныштары, елдік пен ерліктің тұтас бір жарқын бейнелері.

Атырау - ақжарқын ел, жыршы данам,

Ән мен күй көкірегіңде тыншымаған.

Бабамның тері тамған топырағыңнан,

Әрқашан жан жаныма сусын алам, - деп келетін Фариза ақынның туған жер туралы жыр шумағынан Атырау өлкесінің өз перзентінің жанына қуат беріп, шабыт сыйлай білетін құдіреттілігін де байқау қиын емес.

Өнерлерімен өмірлерін өрнектеген, өзінің мұң-мұқтажы мен қуаныш-шаттығын күмбірлеген күй арқылы жеткізген  Құрманғазы мен Дина сияқты күй алыптарынан бастау алатын өлкеміздің мәдени өмірі - бай әрі мағыналы. Дәулеткерей, Ерғали, Әзидолла, Айгүлдер де - өлкеміздің Нарын құмынан шыққан талантты өнер иелері. Әлемнің әр түкпірінде домбыраның дауылпаз үнін шырқатқан дәулескер күйшілеріміз бүгінде ел мақтанышына айналып отыр.

                Мен сенің күйіңдегі арыннанмын

                Жүрмесем арындамай жарынжанмын

                Кез-келген сахнаға домбыра ұстай,

                Жарқ етем, деймін дағы: «Нарыннанмын».

Бұл өлкеде туғандардың кез-келгені сахнаға домбыра ұстап шыға алады. Нұралы ақын «Нарыннанмын» деген жалғыз сөзбен Нарынның күй ордасы екендігін паш етіп отыр.

Туған жердің әнге қосқан бақытын,

 Ақындарым – жауһар жырлы жаһұтым - дегендей,   жыр өлкесі – Атыраудың от тілді, орақ ауызды сөз серкелері мен майталман сөз зергерлері, поэзиялық жыр дүлділдері  танылған ақын – жазушылары – сөз маржандарын мирас тұтқан өлкеміздің танымал дарын иелері. Поэзия ардагері, қазақтың «Ақша бұлты» атанған Әбу Сәрсенбаев, «Ақ жалын» ақын Хамит Ерғалиев, «Жұмбақ ақын» Жұмекен Нәжімеденов, «Поэзия падишасы»  Фариза Оңғарсынова, «Нарынның наркескені» Нұралы Әжіғалиев, қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымов сынды ақындарымыздың өлең-жырлары, «Әуезовтің әсемдік әлемін» зерделеген  көрнекті жазушы З.Қабдоловтың романдары, Жайықтың толқындарымен тілдесіп, поэзия айдынына үкілі үмітін үлбіретіп шыққан жас ақын қыз Маржан Ершуованың ойлы да отты, сәулелі де сезімді, нәрлі де өрнекті өлеңдері – қазақ әдебиетіміздің алтын қорына қорына қосылған ұлттық рухани құндылықтарымыз деп мақтанышпен айтамын. Жерлес ақын Фариза апамыз:

О, туған жер, кең пейіл құшағың кең,

Саған көңіл бұлқынар күш-ағынмен.

Сағынышымды қанат қып саған қарай

           Балапандай талпынып ұшамын мен, – немесе: "Сені қалай сүю керектігін мен ешқандай кітаптан оқымадым", – деп, туған жерге деген өзінің сағынышын, ерекше сезімін жырғып шынайы суреттейді.

Уа, туған жер, сенде шың да, көл де жоқ, 
                    ойым да жоқ сені өлеңмен «өңдемек». 
              Дәл өзіңдей қарапайым болам мен, 
                                               Дәл өзіңдей! Маған, сірә, сол керек, - деп  жырлаған Жұмекен өз Қошалағынан бойына дарыған қарапайымдылық қасиетін жасыра алмайды.

Мен де өз туған өлкемді сүйемін, мақтан тұтамын.  Қазақстаннаң батыс өлкесінде,  Еділ мен Жайық аралығында жатқан бұл өлке  - бүкіл қазақ елі сынды тарихқа толы, айтар сыры мол  өңір. Атырау – Еуропа мен Азия құрлықтарының шекарасындағы әсем қала. Қаланың негізі 1640 жылы қаланған. Алғашқыда қала Үйшік деп аталған. Ресей ханшайымы Екатерина II Яик өзенін Урал деп атауын жарлығымен бекіткенде, қаланың атауы Гурьев деп өзгертілген. 1991 жылға дейін қала Гурьев деп аталды. Кейін Атырауға ауыстырылып, теңіз жағасындағы қала Қазақстанның ірі қалаларының біріне айналды. Атырау қаласы Түрікменстан, Өзбекстан және Ресейдің Астрахань облысымен шектеседі. Атырау қаласында танымал Жайық өзені ағып өтеді. Жайық қаланы Еуропа және Азия аймақтарына бөледі. Әу бастан қала Жайық өзенінің жағасында салынды, кейін 30 шақырымға шегінді. Атырау қаласы салынғаннан кейін балық шаруашылығы мен мұнай өндіру саласы қарқынды дами бастады. Уақыт өте келе бұл салалар қаланың ғана емес, күллі елдің ірі салаларына айналды. Каспий теңізі мен Орал өзені балыққа, ал жер қойнауы мұнайға бай. Сондықтан өңірдің басты байлығы қызыл балық пен қара уылдырық, мұнай мен газ болып табылады. Қала елтаңбасында бекіре мен мұнай мұнарасы бекер көрсетілмеген. Бүгінгі Атырау – Қазақстанның негізгі көмірсутек аймағы, мұнай мен газды өндіру бойынша ең ірі орталық, келешегі бар қаржыландыру нарығы. Ал Атыраудың қара уылдырығын ТМД мен Еуропада жақсы біледі.  

Атырау қаласында республика бойынша тұңғыш рет мұнай тазарту, мұнай өндіруге қажетті құрал-саймандар шығару, балық консервілеу сияқты зауыттар тұрғызылып, іске қосылды. Қалада қоғамдық көліктер жиі қозғалады. Әуежай, авто және темір жол вокзалдары тәулік бойы жұмыс істейді. Атырау қаласы мәдени-танымдық және білім ордаларынан кенде емес. Мұнайшылар қаласына келген жандар қаланың мәдениет ошақтарын аралай алады. Облыстық тарихи-өлкетану мен өнер мұражайлары, М.Өтемісұлы атындағы облыстық драма театры, мұнай айыру зауытының мәдениет үйі, Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония жұмыс істейді. Сондай-ақ, музыка, спорт мектептері, Атырау мұнай және газ институты, Халел Досмухамедов атындағы Атырау Мемлекеттік университеті, Атырау политехникалық колледжі т.с.с. білім ордалары жас мамандарды оқытады. Атырау қаласының заманауи сәулетінің Қазақстанның өзге қалаларынан еш айырмашылығы жоқ. Қалада XIX ғасырда салынған Православ шіркеуі бар. Бұл шіркеу - Атырау қаласында тұрғызылған алғашқы ғимарат. Жайық өзенінің бойындағы жаяу жүргіншілер көпірі қаланың мақтанышына айналған. Бұл көпір Әлемдік Рекордтар кітабына енген.  Кейбір кезде, ойланып отырып, өз қаламның сұлулығына тамсанып:

Ер еңбегі шалқып тасқан,

Ел еркіндей бақыт тапқан,

Неткен сұлу , неткен көркем,

                                             Осы менің туған өлкем!- деген өлең жолдары есіме түсіп,

қайта-қайта айта бергім келеді.

Сүйікті Атырауым! Әр адамға өзінің кіндік қаны тамған жері ыстық. Ауылда туған адамға, қандай әдемі, қызығы қайнап жатқан қала болса да, өз ауылы қымбат болады. Мен үшін кіндік қаным тамған жерім - Атырауым ыстық. Мен оны еш жерге теңемеймін. Атырауымды  мақтасам, мақтауыма тұратын қала. Себебі, Жайығында балығы тулаған, мұнайы қайнаған қазыналы мекен. Атырауым жылдан жылға көркейіп, адам танымастай өзгерді. Халқында қазақы иісі бар, қонақжайлығы, тілі - діні бойына дарыған қазақтарды осы Атыраудан көруге болады.

Армысыңдар, туған жер, туғандарым,
Кезіп жердің тау – тасын, нулы орманын
Келіп тұрмын, безгем жоқ өздеріңнен –
Мені алысқа сендерден қуды арманым,-деген Фариза

Оңғарсынова апамыздың өлеңі туған жердің өз перзенттерін бауырына тартатын ерекше тартылыс күшке ие екенін  дәлелдей түскендей. Туған дала төсіне жүгіріп шығып, о шеті мен бұл шетіне көз жүгіртіп, айналаңа көз салсақ, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев атамызша: "Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер!" - демеске еш шараң қалмайтындай. Менің  де сондай сезімге бөленетін сәттерім жиі болады.

Бүгінде Атырау заманға сай өркениетті  шаһарға айналды. Осы үрдісті сақтап, өрбіту - әрбір тұрғынның парызы. «Туған жер – алтын бесік» дейді. Әр адам туған жерімен көрікті. Дәл осы жерде менің көңілді де, шаттықты, уайымсыз балалалық шағым өтуде. Сонымен бірге мен елімнің бір бөлшегімін, оның бүгіні мен болашағымын. Мен туған және өскен жері  біртұтас болғанда ғана адам бақытты болады  деп ойлаймын. Мен қандай бақыттымын, өйткені сен барсың – менің ару қалам, жанға сая болған мекенім Атырауым! Жасай бер, жайнай бер, Атырауым!

.

Куркембаева Әсел

Атырау облысы, Атырау қаласы Атырау облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның 9-сынып оқушысы

Ілмексөздер:

0 пікір

Әзірге пікірлер жоқ

Пікір қалдыру

Қызықты жазбалар

Менің туған өлкем

Менің туған өлкем

Туған өлкем - тал бесігім!

Менің өз ауылым!

Автордың басқа жазбалары

БӨЛІМ ТУРАЛЫ

БӨЛІМ ТУРАЛЫ

РАХЫМЖАН ВЕНЕРА ЕРЛАНҚЫЗЫ