Өз Отаныңды, туған тіліңді, түп-тамырыңды білмейінше нағыз патриот бола алмайсың.

Н.Ә.Назарбаев

Мұғалімдер тарих пен географияны біріктіру ұсынысы мүлде қисынға келмейтінін айтады

Мектеп бағдарламасына енгелі отырған реформалар аясындағы білім және ғылым министрлігінің пәндер санын қысқарту бастамасына қатысты ұстаздар пікір білдірді.

Мұғалімдер тарих пен географияны біріктіру ұсынысы мүлде қисынға келмейтінін айтады


Бұл туралы Астана арнасы хабарлайды.

Олардың сөзінше, бір пәнді екінші пәнге қоспас бұрын, әмбебап мұғалім дайындау керек. Мәселен, қазақ тілі мен әдебиетті, тарих пен географияны біріктіру ұсынысы мүлде қисынға келмейді дейді олар.

"Кез-келген мұғалім тарих пен географияны өз деңгейінде алып кете алады деп ойламаймын. Себебі біз оқыған кезде тек тарих мұғалімі ретінде дайындалып шықтық, ал география пәнінің мұғалімі география пәнін ғана меңгеруге дайын болып шыққан. Онда мамандарды қайта дайындауға тура келеді", - тарих пәнінің мұғалімі Гүлмира Сағатқызы.

Маман сонымен қатар қазір мұғалім болғысы келетіндердің азғайғанын да атап өтті.

"Қазір білікті де білімді деген, техниканы меңгермесе де, сабағын баланың ойына керемет құйып беретін мұғалімдерден айырылып қалуға қорқамыз, жастары ұлғайып қалса да. Келіп жатқан жас мұғалімдердің ішінде ілеуде біреу. Мұғалім болайын, үйренейін, балаға жақын, ойымдағыны толық қондырайын деген мұғалім аз болып кетті", - дейді Қазақстанның Еңбек ері Аягүл Миразова.