Өз Отаныңды, туған тіліңді, түп-тамырыңды білмейінше нағыз патриот бола алмайсың.

Н.Ә.Назарбаев

ЖАҢАРТЫЛҒАН БІЛІМ МАЗМҰНЫНА БАЙЛАНЫСТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ СЕМИНАР ӨТКІЗІЛДІ

«Алтын глобус» Республикалық ғылыми оқу-әдістемелік орталығы мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, философия және саясаттану факультетінің ұйымдастыруымен 12 мамыр күні «Жаңартылған білім мазмұнының өзекті мәселелері мен даму перспективалары» атты тақырыпта республика көлемінде педагог мамандарға арналған семинар өткізілді.

Семинардың мақсаты: білім саласына енгізіліп жатқан жаңа реформаларды мұғалімдер арасында кеңінен түсіндіру, жаңартылған білім мазмұнына көшудің тиімді жақтарын талқылап, қолданыста арттыру. Педагогтар мен тәрбиешілердің ғылыми қабілеттілігін, кәсіби құзыреттілігін арттыруға үлес қосу. «Рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген гуманитарлық ғылымдардың дамуына жағдай жасау және  ақпараттық сауаттылығы жоғары педагог маман қалыптастыру.

Семинарға келген қатысушыларды  «Алтын глобус» Республикалық ғылыми оқу-әдістемелік орталығының директоры Шүиіншәли Абай Серікұлы мен философия және саясаттану факультеті деканының оқу-әдістемелік және тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары, PhD доктор Елбаева Зарина Оразбаевна құттықтап, семинарды ашық деп жариялайды.

Семинарға еліміздің бірнеше облыстарынан: Алматы, Ақмола, Атырау, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Қарағанды облыстарынан және Алматы мен Шымкент қаласынан  үздік педагогтар қатысты.   Қатысушылар жаңартылған білім мазмұнына байланысты өз тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтсақ, Алматы қаласы №176 мектеп-гимназиясының химия пәні мұғалімі, педагогика ғылымдарының кандидаты Жұмаділова Роза Нұрмұхамбетқызы «Жаңартылған білім мазмұнына көшу жағдайындағы инноватор педагогтың рөлі» атты тақырыпта баяндама жасады. Ақмола облысы, Бурабай ауданы, Щучинск қаласы, №9 мектеп-гимназия директорының оқу жұмыстары жөніндегі орынбасары Абдрахманова Айман Жугеровна «Жаңартылған білім мазмұнында оқытудың ерекшеліктері» атты тақырыпта, Шымкент қаласы, физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқытушысы Сарсенова Мадина Есенбаевна«Жаңартылған білім беру үрдісінде педагог ұйымдастырушы-куратордың рөлі» атты тақырыпта баяндама жасап тәжірибе алмастырды. Сонымен қатар Алматы қаласы, №81 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Берденова Канзада Абдуманаповна «Жаңартылған бағдарлама бойынша білім берудің маңызы» атты тақырыпта іс-тәжірибесімен бөлісті.

«Қазақ өсімдікті қорғау және карантин» Ғылыми зерттеу институтының ғылыми қызметкері Орманова Гаухар Журсинбековна мектеп оқушыларын ғылыми жұмыспен айналысуға қызықтырып, тың идеялар арқылы оқышының арнайы жобалар жасауға баулу жолдары туралы құнды мәліметтерімен бөлісті.

Семинар соңында қатысушы педагогтарға республика көлемінде озық тәжірибесімен бөліскені үшін алғыс хаттар мен арнайы үлгідегі сертификаттар табысталды.

Шүйіншәли А.С.